Пенсильвания, АҚШ 1898-1976 Нью-Йорк, АҚШ
(1898 жылғы 22 шілде, Лоунтон, Пенсильвания — 1976 жылғы 11 қараша, Нью-Йорк) 1920 жылдары газетте суретші болып, сондай-ақ цирк қойылымдарының безендірушісі ретінде жұмыс істеді. 1915–1919 жылдары Стивенс технологиялық институтында білім алып, механика-инженері дипломын алды. 1922 жылы Нью-Йоркте кешкі сурет салу курстарына қатысып, 1923 жылы Нью-Йорктегі Art Students League көркемсурет мектебінде оқыды. 1926 жылы Парижге көшіп, Гранд-Шомьер академиясына (Académie de la Grande Chaumière) оқуға түсті. Ол сюрреалистер мен конструктивистер ортасында араласты. Сол кезеңде Колдер мүсіннің жаңа түрін — сымнан жасалған фигураларды тапты. Бұл фигуралар кеңістіктегі сурет іспетті, әзілге толы әрі қуыршақтар секілді қозғалысқа ие; олар жасалған икемді материал фигуралардың қалыптарын оңай өзгертуге мүмкіндік береді. 1927 жылы Парижде тұрақтап, авангардтық ортаға жақындады (Миро, Кокто, Ман Рэй, Мондриан, Деснос, Леже, Ле Корбюзье және т.б.). 1931 жылы бейнелеусіз өнер өкілдері біріктірілген «Абстракция – Творчество» (фр. Abstraction-Création) тобының мүшесі болды. Колдерді цирк өнері қатты қызықтырды, сол себепті ол көптеген цирк әртістерінің фигураларымен толтырылған аренаның шағын үлгісін — «Колдер циркін» (1926–1930) жасады. Жұмсақ материалдардан жасалған кейіпкерлер жіптер, сымдар және резеңке түтікшелер арқылы қозғалысқа келтіріліп, автор бұл «ойыншықпен» достарына арнайы қойылымдар ұйымдастырды. 1930 жылы Мондрианның шеберханасына барған кезде Колдер шынайы әлем құрылымдарын жалпылама модельдеудің мүмкіндігін ашты. Мондрианның неопластицизміне тән қатаң статиканы қабылдамай, ол табиғаттың үздіксіз өзгергіштігін бейнелейтін динамикалық жүйелерді жасау мақсатын қойды. Кинетикалық өнерге бет бұруына планетарийде алған әсерлері де ықпал етті — онда аспан денелерінің қозғалысы көрсетілетін. 1930 жылдардың басынан бастап Колдер «мобилдер» деп аталатын абстрактілі динамикалық құрылымдар жасай бастады. Алғашқы мобилдер, кейде Мондриан композицияларына өте жақын болып, мотордың көмегімен қозғалысқа келтірілді.
Альбомға элемент қосу үшін Жеке кабинетке кіріңіз немесе тіркеліңіз
Суретке тапсырыс беру үшін Жеке кабинетке кіріңіз немесе тіркеліңіз