Қайта оралу
Суретшілер

Әбдірәшіт Сыдыханов

Өмір сүрген жылдары:

Атырау облысы 1937-2011 Алматы

Өмірбаян:

(1937, Есбол – 2011, Алматы) Әбдірәшіт Сыдыханов – Хрущёв жылымығы кезеңінде қалыптасқан, ұлттық болмысқа негізделген жаңа бейнелеу тілін іздеген қазақтың «алпысыншы жылдар» буынының өкілі. Ол Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесін тәмамдап, өмірінің ширек ғасырдан астамын «Қазақфильм» киностудиясында қоюшы-суретші ретінде өткізді. Бұл студия кеңестік Қазақстандағы кино өндірісінің маңызды орталығы еді. 1980-жылдары Сыдыхановтың шығармашылығы жаңа арнаға ойысып, мифопоэтикалық бейнелеу тіліне бет бұрды. Бұл кезеңдегі еңбектері постимпрессионизмге тән әсершілдікпен, сопылық таныммен және көне қазақтың таңбалық қалыптарымен астаса түсті. Осы кезеңнен бастап оның шығармашылық әлемінде қайықтар, жануарлар, әйел бейнесі мен балалық шақ жад пен құбылу және қайта түлеу ұғымдарының метафорасына айналды. Абстракция элементтері мен фактуралы бедер оның көркемдік тәсіліне айналды. Суретшінің көне қазақ мифологиясы мен жергілікті рухани тәжірибеге бет бұруын постколониялық қадам ретінде де қарастыруға болады, яғни бұл – архаикалық символиканы қайтару, визуалды тілді отарсыздандыру және кеңестік жүйе тудырған тарихи жарақатты ұғыну әрекеті. «Қонақтар» көрмесінде ұсынылған туындылары осы шығармашылық жолды айғақтайды. Мысалы, «41-жыл» (1975–1976) картинасы соғыс кезіндегі аштық пен күнкөрістің ауырпашылығын көрсетсе, кейінгі «Мен қайтадан бала болдын» (2002) және «Ай жарығындағы дала амазонкасы» (2007) атты еңбектері ұжымдық жад пен қайта түлеу тақырыптарын қозғай отырып, біржақты баяндаудан бойын аулақ ұстайды.